Алматыда жаңа метро станциясы ашылады

Алматыда жаңа метро станциясы ашылады

Алматыда жаңа метро станциясы 2026 жылдың жаз айына қарай ашылуы мүмкін. Бұл туралы BCN Group компаниясының басқарушы директоры Мұрат Үкшебаев LS басылымына хабарлады.

Оның айтуынша, қазір ұзындығы 1 591 метр болатын сол жақ тоннельде тігіссіз және шпалсыз технология арқылы дыбыссыз рельс төсеу жұмыстары аяқталуға таяу. Ал ұзындығы 1 593 метр болатын оң жақ тоннельдің шамамен 480 метрі ғана қалды. Бұл жұмыстар біткен соң рельс салу басталады.

"Тоннельдер "Бауыржан Момышұлы"станциясын салынып жатқан "Қалқаман" станциясымен жалғайды. Қазір бетондау жұмыстарының соңы қалды, дайын бөліктерде әрлеу, жабдық орнату және коммуникация тарту жұмыстары жүріп жатыр", — деді М. Үкшебаев.

Оның айтуынша, екі тоннель мен станция құрылысына 36 ай жоспарланған. Дегенмен, мәжбүрлі үзілістер болмаған жағдайда бұл мерзімді 29 айға дейін қысқартуға болады. Қазір нысанды 2026 жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беру жоспарланып отыр.