Тоқаев ресейлік бизнесті халал өнімдердің экспортын бірлесіп ілгерілетуге шақырды

Наталья Малярчук может потерять теплое место
Наталья Малярчук может потерять теплое место

Мемлекет басшысының айтуынша, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің сексен еліне экспортталады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік бизнесмендерді сертификатталған халал өнімдердің экспортын бірлесіп ілгерілетуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, отандық ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 80 еліне жеткізіледі. 2022 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексінде 113 елдің арасында 32-ші орын алды.

"Біз жетекші халықаралық стандарттарға, соның ішінде халал стандарттарын сәйкес келетін бәсекеге қабілетті, экологиялық жағынан таза және экспортқа бағдарланған өнімді шығаруға басымдық беріп отырмыз", — деді Тоқаев Қостанайда өтіп жатқан Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында.

Президент Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі екенін атап өтті. Бүгінде оған 37 мемлекет кіреді, жалпы халық саны бір жарым миллиард адамға жуық.

"Біздің елдеріміз осы үлкен нарықта сертификатталған халал өнімнің экспортын бірлесіп ілгерілете алар еді. Біз ресейлік бизнесті осы бағытта етене ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамыз", — деді мемлекет басшысы.

Тоқаевтың ақпаратынша, соңғы бес жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығы ЖІӨ көлемі екі есеге өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да ұлғайып, 6 млрд долларға жетті.

Бүгін, 9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин елімізге ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік әріптесін елорда әуежайында қарсы алды.

Форумның пленарлық отырысынан кейін екі ел президенттері шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізеді деп жоспарланған. Сапар қорытындысы бойынша Путин мен Тоқаев БАҚ өкілдері үшін сөз сөйлейді.