«Бір кітаптан түскен пайданы келесі кітаптың шығуына саламыз»

«Бір кітаптан түскен пайданы келесі кітаптың шығуына саламыз»

29.05.2025

Қазақстанда баспа ісі қалай жүріп жатыр?

Баспагер Раиса Сайран Қадыр «Власть» басылымына бес жыл бұрын берген сұхбатын еске алып: «Сол кезде қазақша кітап оқу трендке айналса ғой деп айтып едім, енді міне, бес жылдан кейін соған жетіп отырмыз. Соған себепшілер қатарында болғаныма қуаныштымын», — дейді.

Раиса Қадыр — Steppe & World Publishing баспасының негізін қалаушы. Олар аударған «Хәрри Поттерден» бастап, Мишель Обаманың автобиографиясына дейін кітап дүкендерінің сөресінен лайықты орнын тапты. Қазір Steppe & World Publishing-тен басқа да негізінен қазақша кітап шығаратын баспалар пайда болды.

«Власть» бірнеше баспа үйінің өкілімен олардың кітаптарына деген сұраныс, баспа ісіндегі қиындықтар мен болашақ жоспары туралы сөйлесті.

Steppe & World: «Қазақша кітап шығаруға болатынын көрсете алдық»

Ұзақ уақыт шетелде тұрған Раиса Қадыр сыртта жүргенде қазақ тіліндегі кітаптарды оқығысы келген. Алайда 2016 жылы Алматыдағы үлкен кітап дүкеніне кіріп, балаларына бірде-бір қазақша таба алмаған. Ұзақ ойлана келе, Раиса Қадыр қазақша кітаптарды өзі шығармақ болады. Осылайша Steppe & World Publishing баспасы ашылды – онда өзі, балалары мен достары оқығысы келетін кітаптар жарық көре бастады.

Алты жыл ішінде баспа үйі жеті тілден аударып, 150-ден астам қазақша кітап шығарып үлгерді. 2023 жылы Steppe & World баспасы Жоан Роулингтің Хәрри Поттер туралы су жаңа кітабын ағылшын тіліндегі түпнұсқасымен бір мезгілде қазақ тілінде жарыққа шығарды. Бұл аударма саласындағы маңызды оқиға болды, өйткені алдыңғы бөлімдері түпнұсқасы шыққаннан кейін 20 жыл өткен соң ғана аударылған еді.

Хәрри Поттер туралы кеңінен танылған серияны аударумен қатар, баспа оқырманға дәл сол сияқты танымал «Нарния шежіресінің» барлық томын ұсынды. Бастапқыда балалар әдебиетін шығаруға баса назар аударған олар уақыт өте келе ересектерге арналған шығармаларды да аудара бастады.

«Қазір поп музыканы, Билли Айлишті бәріміз тыңдап жүрміз. Сол сияқты әдебиетті де білуге тиіспіз, өйткені бұл әлемдегі поп мәдениеттің бір бөлшегі. Қазір кітаптар бізде поп мәдениет бола қоймаса да, әдебиеттегі поп кітаптарды шығару маңызды болды...

...Мұның бәрі бізді әлемнен алыстатып алмай, әлемге жақындай түсу үшін жасалып жатыр. Біз әлемнің дамыған 30 не 50 елінің қатарына кіргіміз келеді деп айтамыз ғой. Солармен бетпе-бет келген кезде әңгімелесетін ортақ тақырыптар болуы керек. Small talk әдебиеттен, музыка, өнер деген тақырыптардан басталады», — дейді Раиса Қадыр.

Оның айтуынша, бүгінде әлемде әркімнің жанына жақын тақырыптар жиі көтеріледі, мысалы, мазасыздық, өзін іздеу не жоғалту, өткен өмірге өкініш. Балалар әдебиетінде бұл — қиял әлемі, жақсылық пен жамандықтың күресі, мифология. Бірақ баспа осындай шетелдік туындыларды қазақ тіліне аударғанда, көп адам оларға: «Қазақ ертегілерінен қатты айырмашылығы жоқ қой», — дейді.

«Солай болуға да тиіс. Өйткені адамзат құндылықтары ортақ. Тек сәл мәдени ерекшеліктер болмаса, ұғымдардың бәрі тең. Құндылықтар, соның ішінде адами құндылықтар мен ой толғаулар өте маңызды», — дейді баспагер.

Осы мақсаттан баспа атауы шыққан – Steppe & World: даладан әлемге, әлемнен далаға. Сонымен қатар, Раиса Қадыр әлем әдебиетін қазақшаға аудару жергілікті жазушылар үшін де жақсы мотивацияға айналып жатқанын айтады: олар өзгелердің қалай жазатынын, оқиғаны түрлі тәсілмен баяндауға болатынын байқай бастайды.

Қазақ авторларын халықаралық деңгейге шығару және насихаттау — жұмысымның келесі кезеңі дейді баспагер. Алайда бұл жұмысқа толығымен кірісу үшін арнайы уақыт пен көңіл бөлу қажет. Қазірше баспаның негізгі миссиясы — қазақша сөйлейтін оқырманға әлем әдебиетіндегі маңызды шығармаларды мүмкіндігінше көбірек аударып ұсыну.

«Бүгін таңертең Сиэтлдан хат келді. Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде танысқан жақсы бір кітап дүкенінің иесі қазақ жазушысы Бақытгүл Сармекованың ағылшынша шыққан “To hell with poets” деген кітабы өз дүкенінде сатыла бастағанын қуана жазыпты. Демек біздің әдебиетімізге әлем де қызығады. Бұл кітап жергілікті баспадан емес, Англиядағы баспадан шыққан, олар әлі танылмаған жазушыларды әр елден іріктеп, кітаптарын шығарады», — деді Раиса Қадыр қуанышын жасыра алмай.

Баспагер әлемдік деңгейде маңызы бар Букер және Нобель сыйлықтарының лауреаты атанған авторлардың кітабын шығарғысы келеді. Бірақ оған күш, ресурс пен қаржы керек, бұл өз алдына бөлек мәселе.

«Иә, қазақша кітап шығаруға болады деген майнсетті көрсете алдық. Бұрын қазақша кітап оқылмайды деген түсінік болды, біз оны бұздық. Әйтсе де, өзіміздің айналамызға қарап осындай ой түйіп жүрген шығармыз деген де ой бар. Ауылдарға, шалғай аймаққа бұл өзгеріс жеткен-жетпегенін білмейміз», — дейді баспагер.

Раиса Қадыр баспаның кітаптары барлық оқырманға бірдей жете бермейтінін атап өтті, ал таралымы аз болған соң, кітаптың бағасы да қымбат болып шығады. Негізінен баспаның кітабын тұрақты оқырман сатып алады, олардың саны біртіндеп артып келе жатқанмен, әзірге аса көп емес. Сатылым негізінен ұзынқұлақ арқылы жүреді, толыққанды жарнамаға қаржы бөлуге баспаның мүмкіндігі бола бермейді.

«Жарнама жасауға тиіс қаражатымыздың бәрін не салық төлеуге, не келесі кітапты шығаруға салып жіберіп отырмыз. Сөйтіп амалдаймыз. 100 кітап шықса, оның 20-сы сүйреп кетеді, қалған 80-і жақсы сатылады деп айта алмаймын. Кейде қызметкерлердің жалақысын төлеудің өзі қиынға соғады», — дейді баспагер.

Кейде ай бойы мүлдем кітап өтпейтін кездер болып қалады, ондайда несие алуға тура келеді. Мұндай жағдай жиі кездеседі.

«Шығармашылық топты ұстап отыру да қиын. Алматының қымбатшылығы оңай емес, әркімнің отбасы бар. Бізде жұмыс жеңіл кезде, әріптестеріме жан-жақты көмектесу үшін қолымнан келгенше қосымша жобалар тауып беруді де қарастырып отырамын», — деп түсіндірді Раиса Қадыр.

Оның айтуынша, бұл қатты пайда әкелетін сала емес, тек бизнестің жанында қосымша алып жүретін сала.

«Бір жағынан қарасаң, мұның бәрі ақымақтық сияқты көрінуі мүмкін. Мұндайды бар жан-тәнімен берілген адамдар істейді. Бұл жерден пайда көрейін деген емес, шын ниетімен кіріскен адамдар өзгеріс әкеле алады», — дейді ол.

Баспагердің айтуынша, кітаптардың аз сатылуы нарықтағы бәсекеге байланысты емес, себебі Steppe & World басып шығаратын шығармаларға аударма құқығы тек осы баспаға тиесілі. Бәсеке әлемдік және қазақ классиктерін басып шығаратын сегментте бар шығар деп топшылады Раиса Қадыр.

Баспагердің пікірінше, Қазақстанда кітаптарды үлкен таралыммен шығару үшін ең алдымен сату жүйесін жолға қою қажет, кітап дүкендерінің санын көбейту керек. Сонымен қатар, кітап Қазақстандағы креатив индустрияның маңызды бөлігіне айналуға тиіс. Бұл мемлекет пен ірі бизнес тарапынан да қолдауды қажет етеді дейді ол.

«Бәрін мемлекетке жүктей беру де қиын. Мемлекет салық пен насихаттауға көмектессе де жеткілікті. Мысалы, Корея креатив индустрияны қолдады, K-pop, дорама, фильм мен әдебиетке қолдау білдірді. Соның арқасында қанша жылдан кейін Хан Ган Нобель сыйлығын алды. K-pop индустрия K-beauty косметика индустриясын тартып кетті. Бәрі бір-бірімен байланысып кетеді. Соған бірінші қолдау көрсеткен мемлекет болды, содан кейін Samsung, Hyundai сияқты алпауыт компаниялардың демеуі», — деп есептейді баспагер.

Оның айтуынша, жақында қабылданған Салық кодексі жобасында отандық кітаптар мен оларды шығару қызметін қосымша құн салығынан (ҚҚС) босату қарастырылғаны — баспагерлер үшін маңызды қадам. Алайда, мәселені түбегейлі шешу үшін тек кітапты ғана емес, оны өндіру процесінің барлық кезеңін салықтан босату қажет деп есептейді. Мысалы, Қазақстанда қағаз өндірілмейді, ол не Ресейден, не Қытайдан әкелінеді, түптеп келгенде қағаз үшін ҚҚС төлеуге тура келуі мүмкін.

«Сондықтан қағаз да, баспахана қызметі де ҚҚС-дан босатылса екен деп үміттенемін. Сөйткенде ғана кітап бағасы түседі. Жаңадан бастап жатқан баспалар жеке кәсіпкер ретінде бастайды, олар ҚҚС төлемейді, бірақ бәрібір баспахана қызметін төлеуі керек. ҚҚС ғана емес, үлкен салықтан да босатып жіберсе, үлкен көмек болады», — дейді ол.

Aspan Books: «Әлем философиясын қазақ тіліне аударғымыз келеді»

Биыл наурыз айында Aspan Books деп аталатын тағы бір баспа жұмысын бастады. Ол бірден қазіргі қазақстандық авторлардың екі кітабын жарыққа шығарды. Баспаның негізін қалаған — жазушы, журналист Сафина Ақтай, ақын, деректі фильм режиссёрі Тілек Ырысбек және жазушы Ермек Тілеуғазы.

«Негізгі мақсатымыз — қазақ тіліне аударылуы осы уақытқа дейін кенже қалып отырған философия бағытындағы кітаптарды аудару», — деп жоспарын бөлісті Ырысбек.

Баспаны құру идеясы авторлар Friedrich Shegirtke жобасымен айналысып жүрген кезде пайда болған. Бұл жобада олар әлеуметтік желілерде Сократтан бастап, Мишель Фукоға дейінгі философиялық идеяларды қазақ тілінде түсіндіріп, кино философиясына арналған мәтіндерді де аударумен айналысты.

«Философия қазақ тіліне аударылмады деп кесіп айтпаймыз. Бірақ сатылымда жоқ, кітапханаларда ғана бар. Жалпыға қолжетімді емес. Аудармалар көбіне энциклопедияға құралған. Біз көне грек философиясынан бастап, қазіргі философия кезіне дейін аударғымыз келеді», — дейді Ырысбек.

Сафина Ақтай қазірдің өзінде Аристотельдің «Поэтикасы» мен «Этикасын», сондай-ақ Платонның «Диалогтарын» қазақ тіліне аударып жүр. Оның философияға қызығатыны соншалық, сол үшін неміс тілін үйренген — себебі көптеген маңызды философиялық еңбек неміс тілінде жазылған.

«Ұзақ жыл бойы философиялық еңбектер орыс тілінен аударылып келді. Оның өзінде толыққанды аударылды ма, жоқ па, белгісіз. Мысалы, Мартин Хайдеггердің осында болу дегенді білдіретін «Dasein» терминін “дизайн” деп аударып жіберген кездер де болды. Бұл үлкен қате, оқырманның ой түсінігінің қалыптасуына кедергі болатын дүние. Тікелей неміс тілінен қазақ тіліне аударғанда тілдік ерекшеліктеріне назар аударғымыз келеді», — дейді Сафина Ақтай.

Тілек Ырысбек және Сафина Ақтай

2023 жылы Ақтай мен Ырысбек отарсыздық тақырыбын зерттеуші Мадина Тлостанованың «Болмыс, білім және түйсік отарсыздығы» кітабын қазақ тіліне аударып шықты.

«Кітапты аудару барысында сөздік қор деген мәселемен бетпе-бет келдік. Эпистемология, экзистенциализм сияқты сөздерді қазақша аудару мәселесінде тұралап қалдық. Термин аударылмайды деп жатады, бірақ бізде терминдер ойлап табуға, оны қолданысқа енгізуге және академиялық ортада оның ауқымының мейлінше ұлғаюына түрткі болуға мүмкіндік бар», — деп есептейді Сафина Ақтай.

Aspan Books баспасы шығарған екі кітаптың бірі — Сафина Ақтай жазған «Burger King-тегі Элвис Пресли» атты еңбегі. Ол 15 әңгімеден тұрады және дене ұғымы, посткеңестік кезеңдегі тұрғындар болмысы, сондай-ақ қазіргі әлемдегі адамдардың көші-қон тәжірибесі сияқты бірнеше тақырыпты қозғайды.

«Бұл менің дебютім. Тлостанованың кітабын аударғанда екінші тынысым ашылды. Постотарлыққа қатысты білімімді неге әдебиетте танытпасқа деген ой келді. Бізде негізінде әдебиет ерлердің ісі болып келді, солардың заңдылығына сүйенуге тура келді. Ал бұл кітапта әйелдік көзқарас болғандықтан, маңызды деп ойлаймын. Кітапты шығару барысындағы барлық жұмысты жасаған әйел адамдар, автор, корректор, суретші, фотограф бәрі әйел», — деп атап өтті жазушы.

Сафина Ақтай алдағы уақытта роман жазбақшы, әңгімелер жинағы сол романды жазуға дайындық болды. Aspan Books баспасынан шыққан екінші кітапты олардың серіктесі, жазушы Ермек Тілеуғазы жазған. «Егер Сафина қалалық заманауи прозаны көрсетсе, Ермек Тілеуғазының «Бхарат құдайының құлағы» атты кітабы — далалық проза үлгісі», — дейді Тілек Ырысбек.

Баспаның алға қойған жоспарлары ауқымды — олар неміс философы Эрих Фроммның кітаптарын аудару құқығын алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта Мишель Фуко, Кант, Спиноза және тағы басқа авторлардың еңбектерін аударуды жоспарлап отыр.

«Деколониал еңбектерден Эдуард Саидтың «Ориентализмі» аударылды. Менің негізгі мақсатым — Ницшенің «Заратуштра солай айтқан» деген кітабын аудару. Әу бастағы мақсатым сол болған. Людвиг Витгенштейннің еңбектері қазақ тіліне аударылмаған, ал оның философияға сіңірген еңбегі зор. Дерриданың «Деконструкция» теориясын, Кафканың әңгімелерін аударғым келеді», — деп Сафина Ақтай жоспарын бөлісті.

Ырысбектің айтуынша, ауқымды инвестиция жоқ, қаражат әзірге ағымдағы шығындарды жабуға ғана жетеді. Сондықтан Steppe & World сияқты, олар да кітап сатудан түскен барлық қаржыны басқа шығармаларды аударуға немесе авторлық құқықты алуға жұмсауды жоспарлап отыр.

«Оқырманы аз болса да, әлеуметтік маңызы бар философиялық кітаптарды аударғымыз келеді. Философия тілі қазақ тілінде қалыптаспай, қазақтілді зиялы, азаматтық қоғам қалыптаспайтын секілді».

«Философия дегенде Платонның үңгір аллегориясы, Сократтың диалогтары ойға келеді, мұның бәрі ақиқатқа жету жолындағы ізденіс. Біз де өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның қаншалықты ақиқатқа лайық екенін логикалық тұрғыдан зерттегіміз келеді. Осы ойлау үдерісінің қазақ тілінде талқыланғанын, оқылғанын, ойлануға себеп болғанын қалаймыз. Бұл жауапкершіліктен туған қалау», — деп түйді Тілек Ырысбек.

Asau: «Бірегей жазушылардың еленбей қалған еңбегін шығарғымыз келеді»

Қазақстандағы кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі кітаптардың көп бөлігі әлемдік классиктердің аудармалары мен қазақ классиктерінің шығармалары. Бұл жұмыспен «Qasym», «Foliant», «Мазмұндама» және тағы басқа баспалар айналысып жүр.

Төрт ай бұрын олардың қатарына жаңадан ашылған Asau баспасы қосылды. Оның негізін қалаған — жоғары оқу орнының студенттері. Қазірге дейін олар төл шығармаларын да жарыққа шығарып үлгерген.

«Жазып қойған кітабы бар, бірақ жарық көрмеген қаншама қаламгерді білемін. Сол ойдың жетегімен осы баспа ісіне келдік. Қаламгерлерді тоғыстыратын бір орта ұстағымыз келді», — деп түсіндірді Asau баспасын құру идеясын оның редакторы Жалғас Қазыбек.

Баспаны ашпас бұрын студенттер нарықты талдап, қазақ тілінде қандай бестселлер шығатынын зерттеді. Қазыбектің айтуынша, түрлі кітап жарық көріп жатқан заманда «Таңдаулы қазақ жазушыларының еленбей қалған кітаптарын неге шығармасқа?» деген ой келген.

«Asau баспасының ұраны — тәуелсіз ойдың мінбері, яғни азатпыз. Асауға тұсау жоқ деген ойдың жетегімен асау кітаптарды шығарып жатырмыз. Ерекшелігі, көп адамға таныс емес, бірақ бір білсе, соны бәріне ұсынатын кітаптар», — деп түсіндірді Қазыбек.

Аз ғана уақыт ішінде Asau баспасы қазақтың белгілі жазушысы және драматургы Дулат Исабековтің «Бекет» (1966) және «Өкпек жолаушы» (1985) атты екі кітабынан 500 данадан шығарып үлгерген. Редактор Жалғас Қазыбектің айтуынша, бұл шығармалар Қазақстанда емес, Ресей мен Еуропада көбірек танылған.

«KitapFest кітап фестивалінде адамдар бізге келіп, Исабековтің жаңа кітабы екен деп сатып алып жатты», — дейді ол.

«Қазақ кітаптары еуропалық нарықта жоқ. Исабеков көзі тірісінде «Өкпек жолаушы» кітабын бірнеше тілге аудартып кеткен, бұл шығарманың негізінде спектакльдер қойылған. Исабеков Сеулде болғанда, бір егде жастағы әйел жылап келіп: «Неге менің өмірімді осы кітапта жазып тастағансыз?» — деген екен. Демек, әлемнің бір бұрышындағы әйел бұл кітаптан өзін көрген, ал негізінде ол Зейнеп деген қазақ әйелі туралы», — дейді Asau баспасының бас корректоры және аудармашысы Гүлсая Өміртай.

Баспа енді шетел әдебиетін қазақ тіліне аударып, сонымен бірге керісінше қазақ әдебиетін ағылшын тілінде насихаттауды жоспарлап отыр.

«Кейде аудармалар түпнұсқадан да жақсы болып шығады. Ағылшын тілін білсе де, кейбіреулер орыс тіліндегі аударманы таңдайды. Сол себепті қазақ тілінің аударма сапасына жұмыс істейміз», — дейді Өміртай.

Жас баспа әлі бейімделу кезеңінде, қазір фестивальдерге қатысып, оқырманын қалыптастырып жатыр. Қазір олардың кітаптары кітап дүкендерінің сөресінде жоқ, бірақ онлайн тапсырыс беріп алуға болады.

«Бұл бір жағынан ыңғайлы, өйткені Meloman секілді үлкен кітап дүкендері барлық жерде жоқ, ал шалғайдағы аймақтар мен ауылдардағы адамдар онлайн тапсырыс бере алады», — деп мұның жақсы жағын атап өтті Жалғас Қазыбек.

Алғашқы кітаптарын шығарғанда, олар оқуға қызықтыратын ерекше дизайн жасауға күш салған.

«Үйіңізге келген қонақ алдымен тартымды көрінетін кітапты қолына алуы мүмкін. Бірінші көзге түсетіні — мұқаба. Кітап оқуға ынталандырып тұратындай дизайн жасауға тырыстық. «Бекет» пен «Өкпек жолаушы» кітабының мұқабасында драматургия бар», — деп есептейді Қазыбек.

Қаржыландыру мәселесіне келсек, басқа баспалар сияқты, Asau да шығын ақталса болды деп отыр — бүгінгі шығарылым ертеңгі шығындарды жабуға тиіс.

«Біз пайдаға емес, құндылыққа жұмыс істейміз. Қазір қоғамда кітапты көп оқитын замандастар қалыптасып келе жатыр. Осы жақсы үрдіске біз де үлес қосқымыз келді. Басқа бір іске жұмсағаннан гөрі, осындай игі іске орай тәуекелге буған дұрыс деп шештік», — дейді Asau баспасының редакторы.

Власть — это независимое медиа в Казахстане.

Поддержите журналистику, которой доверяют.

Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.

Поддержать Власть